Өмірбаян

1944 жылы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Оралдағы Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеп түлегі. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетін 1966 жылы бітірген. 1966–1971 жылдары Орал облыстық «Орал өңірі», Талдықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, 1971–1972 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1972–1975 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1975–1981 жылдары «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор болған.

1981 жылдан шығармашылық жұмыста. 2007-2020 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиалының төрайымы қызметін атқарды.

«Өрімтал» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағы 1967 жылы жарық көрді. Оған жалғас «Наз» (1969), «Қанышым – іңкәрім» (1971), «Сені ойлаймын» (1973), «Ақ қанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы» (1980), «Белокрылая» (1981), «Ақжелең» (1985), «Сүмбіле» (1990) атты кітаптары басылып шықты. 2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы, 2004 жылы «Лебединая верность» атты жинағы, 2014 жылы «Шығармалары» үш томдық, 2018 жылы «Ана әлдиі», «Өлең деген құдірет» атты екі томдық таңдамалы шығармалары, 2018 жылы «Парасат сөзі» кітабы жарық көрді.

Әйгілі ақындар С.Капутикян, В.Тушнова, А.Ахматованың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Ақын көптеген ән мәтіндерінің авторы. Ол Орал қаласының Құрметті азаматы (2004) «Құрмет» ордені (2005), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2008), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2012), Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы (2017), «Мемлекеттік сыйлықтың иегері» (2018), «Отан» орденінің (2021) иегері.

Басты