Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қазақ поэзиясында өзіндік тұлға болып қалыптасқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның өмірі мен шығармашылығына арналған мультимедиялы әдістемелік- библиографиялық құралын ұсынып отыр.
Ақұштап Бақтыгереева - өршіл де өктем, сырлы да сұлу жырдың иесі. Жүрек қылын шертетін сезімнің сиқырлы нотасын дөп басып, жан сөзін жарқын сөйлете алатын ақын.
Жайықтың өр ақыны тамыз айында өмірінің белгілі бір белесіне шыққалы отыр. Ақынның еліне, туған жеріне деген патриоттық сезімі әр кез жырларын да көрініп тұрады. Туған жер – ақын поэзиясындағы мәңгі тақырып. Ақ Жайық – Ақұштап ақын үшін әлі де танылмаған тұңғиық, оқылмаған шежіре.
Ақынның адамдық, азаматтық портретін оның өзіндік болмыс-бітімі, оның шығармалары қалыптастырар болса, оның салмағын безбендейтін халқы, яғни оқырманы болып саналады.
Мультимедиялы әдістемелік-библиографиялық құралдың мақсаты- ақынның қайраткерлігі, шығармашылығы туралы материалдарды бір жерге жинай отырып, оны қалың оқырманға насихаттаудың жолдарын көрсету.
Әдістемелік-библиографиялық құралда:
- ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер;
- ақынның шығармашылығы мен ол туралы әдебиеттердің библиографиясы;
- ақынның өзекті проблемаларды көтерген мақалалары;
- ақынға арналған ақын-жазушылардың өлеңдері;
- ақынның әнге жазылған өлеңдері;
- ақынның сурет шежірелері;
- ақынның түрлі БАҚ-дағы бейне сұхбаттары;
- ақын шығармашылығын насихаттауға арналған іс-шаралар бағдарламасы, кітап көрмелері, әдістемелік құралдар берілген.
Жалпы мультимедиялық құрал кітапханашыларға, мектеп мұғалімдеріне, сондай-ақ ақынның шығармашылығын терең білем деген оқырман қауымға арналған.