Қазақ совет жазушыларының арасында творчестволық өмірбаянын арнайы түсіндіріп жатуды керек етпейтін, қалың жұртшылыққа өзінің талантты шығармаларымен кеңінен таныс қаламгер көп емес. Солардың бірі – біздің жерлесіміз, қазақ совет әдебиетінің көрнекті өкілі Хамза Есенжанов.
Хамза Ихсанұлы Есенжанов 1908 жылы Орал облысының Чапаев ауданында, Шалқар көлінің жағасында, орта шаруаның семьясында дүниеге келген. 1927-29 жылдары жеті жылдық мектепте, үш жыл Алматы мал дәрігерлік техникумында оқыған. 1933 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының тіл-әдебиет факультетін бітіреді. 1936 жылы Ленинградтың мемлекеттік өнер білімі институтының аспирантурасына түседі. Бірақ Қазақстанға қайта шақырылып, 1938 жылға дейін республиканың мәдени, ғылыми мекемелерінде, жоғары оқу орындарында түрліше жауапты қызметтер атқарады. Қазақтың мемлекеттік филармониясының, кейін Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет таетрының директоры, сонымен бірге Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының филология факультетінде орыс әдебиетінен оқытушы болып істеді. 1957 жылы КПСС қатарына өтеді.
Есенжанов Хамза өзінің жазушылық жолын 1930 жылдары өлең, әңгіме жазудан бастады. «Әдебиет майданы» журналында «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл құмақ» атты әңгімелері жарияланды. Бастауыш, орта мектептер үшін оқулықтар жазды, хрестоматиялар жасасты.
Хамза Есенжанов сонымен бірге көркем аудармамен шұғылданды. Ол И. С. Тургеневтің «Рудин», И. Шуховтың «Өшпенділік» романдарын, М. Шолоховтың «Тынық Дон» романының (Н. Баймұхамедовпен бірге) бірінші және төртінші кітаптарын қазақ тіліне аударды.
Есенжанов Хамза 1957 жылы «Ақ Жайық» романының бірінші кітабын, 1959 жылы екінші кітабын, 1965 жылы «Тар кезең» деген атпен үшінші кітабын жарияланды. Ал 1963 жылы «Көп жылдар өткен соң» романын ұсынды.
1967 жылы «Ақ Жайық» романы үшін Хамза Есенжановқа Абай атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1972 жылы «Ақ Жайық» трилогиясының жалғасы болып саналатын «Жүнісовтер хикаясы» романын жариялады. Автор өзінің бұл шығармаларында Батыс Қазақстанда болған Азамат соғысы жылдары мен Совет өкіметі орныққан кезеңнің шындығын эпикалық кең көлемде суреттейді, күресте таптық сана-сезімі жетіліп шыңдалған жаңа адамдар бейнесін жан-жақты көрсетеді.
Жазушы Хамза Есенжанов Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен наградталды.
Есенжанов Х. Тар кезең: роман. ІІІ-кітап. - Алматы, 1965. - 348 б.
Есенжанов Х. Көп жыл өткен соң: роман. - Алматы, 1967. - 352 б.
Есенжанов Х. Төңкеріс үстінде: роман. І-кітап. - 1968. - 352 б.
Есенжанов Х. Шыңдалу: роман. ІІ-кітап. - 1968. - 340 б.
Есенжанов Х. Ағайынды Жүнісовтер..: роман.-Алматы,1977. - 184 б.
Есенжанов Х. Ақ Жайық: трилогия. Т.1.-Алматы, 1978. - 348 б.
Есенжанов Х. Ақ Жайық: трилогия. Т.2.-Алматы, 1978. - 343 б.
Есенжанов Х. Ақ Жайық: трилогия. Т.3.-Алматы, 1979. - 376 б.
Есенжанов Х. Жүнісовтер трагедиясы: роман. - Алматы, 2009. - 336 б.
Есенжанов Х. Көп томдық шығармалар жинағы: Т. 6: Әңгімелер мен мақалалар. - Алматы: Мереке. - 2014. - 392 б.: портр.
Есенжанов Х. Көп томдық шығармалар жинағы. - Т. 7: Публицистикалық мақалалар, пікірлер. - Алматы: Мереке.- 2014 . - 392 б.: портр.
Есенжанов Хамза: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. - Алматы, 2010.-Б. 250.
Есенжанов Хамза: өмірдерек // Қазақстан жазушылары: анықтамалық / құраст.: С.Қамшегер, Қ.Жұмашева. - Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2009. - Б. 146-147.
Тұғылы биік талант: Хамаза Есенжанов туралы естеліктер. – Орал: «ШұғылаПринт» баспасы, 2018. - 154 б.