Шәңгерей Сейткерейұлы Бөкеев 1847 жылы Жасқұс құмында, Ордада (осы күнгі Жәнібек ауданы), Орал облысында туған. Болашақ ақын бес жасында ата-анасынан айырылып, жетім қалады. Бірақ атадан қалған мол дәулеттің арқасында қиыншылық көрмей өседі. Әкесінің інілері Шәңгерейдің оқып білім алуына көмектеседі. Ол Орынбордағы кадет корпусына түсіп екі жыл оқиды. Орыс тілін үйреніп, орыс халқының классикалық әдебиетімен танысады. Бұдан соң біраз уақыт Самара губерниясында (қазіргі Куйбышев облысы) мировой судья (бітімші сот) болып істеген. Онан кейінгі кездерде Шәңгерей басқадай қызмет іздемей, өзінің қонысы Көлборсыда тұра берген. Өмірінің соңғы кезінде Шәңгерей ел жұмысына мүлде араласпаған көрінеді. Ақын көбінесе өлең жазу, аң аулау, ән тыңдау тәрізді көңіліне жаққан өнермен шұғылданған.

Шәңгерей шығармаларының басты сарындары, идеялық салалары, өмірдің өтуі жайлы топшылау, ескі заманды аңсау, ғылым-білім туралы ой түю, өз өмірінің әр қилы кезеңдерін бейнелеу, махаббат, достықты, саятшылықты, табиғат құбылыстарын суреттеу болып келеді. Олардың ішінде әлеуметтік өмірдің әр түрлі жақтарын сөз ететін шығармалары өз алдына бір топ. Соның өзінде ақын көбінесе заманның өтуін, жастық шақ кетіп, кәрілік төнгенін, өлімді: дүние жайын жырлайды. Бұл алуандас өлеңдерде ақын ескіні аңсайды, өмірден түңіледі, торығады. Тегі әлеуметтік мәселелерді қозғаңанның өзінде де Шәңгерей алға тартпайды, көп ретте ол жол таба алмай тұйыққа тіреледі. Ақынның қоғамдық ой-пікірлері, топшылау-түйіні бірде өмір шындығының айқын елесін көрсете, екінші бір сәтте торығуды, ескіні мадақтауды елестетеді.

Әдебиеттер:

Бөкеев Шәңгерей: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. - Алматы, 2010. - Б.198.

Тәжімұратов М. Шәңгерей. - Алматы, 1998. - 336 б.

Бірімжаров Б. Ақындардың сұлтаны // Орал өңірі.- 2009. - 25маусым. – Б.15.

Жұмағұл С. «Алғыр жүйрік сұлтаным...» // Ана тілі. - 2012. – 2-15 тамыз. - Б.12.

Жанатқызы Р. Шәңгерейдің үйі ашылды // Орал өңір. - 2019. - 24 мамыр. - Б. 8.