Көрнекті қазақ ақыны Тайыр Жароков 1908 жылы 26 қыркүйекте Бөкей ордасы ауданында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Ауылдағы орыс-қазақ бастауыш мектебінде сауатын ашқан. 1923-27 жылдары Орынборда Қазақтың халық ағарту институтында, 1928-32 жылдары ҚазПИ-де оқыды. 1931-35 жылдары Ленинградтағы Тарих, философия және әдебиет институтының аспиранты. Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің хатшысы, Қазақ Мемлекеттік баспасының редакторы, «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, Жамбылдың әдеби хатшысы қызметтерін атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдары әскери қызметте болды. 1946 жылы өмірінің соңына дейін Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасында еңбек етті. Тайыр Жароковтың алғашқы өлеңі «Аэроплан» 1927 жылы, «Жұлдыз жарығы» атты тұңғыш жинағы 1932 жылы басылды. 30-жылдарда-ақ құнды шығармалары арқылы қазақ ақындарының алдыңғы легіне қосылды. Бұл тұстағы жемісті еңбегін «Нефтьстан» (1933), «Мотор жыры» (1934), «Өмір сөйлейді» (1934), «Күн тіл қатты» (1934), «Мұз тұтқыны» (1935), «Тасқын» (1937, 1949), «Отан дауысы» (1938), «Нарын» (1940) секілді кітаптарынан байқауға болады. Өмір құбылыстарын көтеріңкі леппен, романтикаға бөлеп, екпінді жырлау, жаңалық атаулыны дер кезінде аңғарып, жырға арқау ету – Тайыр Жароковқа тән қасиет. Оның «Мотор жыры», «Бесжылдықтың балғасы», «Миллион толқын», т.б. өлең-поэмалары осындай шеберлікпен жырланған. Отан соғысы жылдары Отанымыздың ел қорғаған ұл-қыздары жайында «Совет сұңқарлары» (1942), «Зоя туралы жыр» (1944) атты кітаптарын жариялады. Соғыстан кейінгі «Жеткіншек» (1948), «Бақыт жырлары» (1949), «Жапанды орман жаңғыртты» (1949), «Костер басында» (1952), «Қырда туған құрыш» (1954-55-56), «Құмдағы дауыл» (1958), «Тау жырлайды» (1962), «Теңіз баласы» (1963), «Тасқынға – тосқын» (1965) атты кітаптарында туған жерді көріктендіру, ел байлығын арттыру, халық игілігі үшін күрескен ерлердің бейбіт еңбегін жырлады. Ш. Руставели, А.С. Пушкин, Т. Шевченко, М. Лермонтов, Н. Некрасов, В. Маяковский, М. Алигер, А. Сурков шығармаларын қазақ тіліне аударды. 2 рет Еңбек қызыл Ту орденімен, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды.
Жароков Т. Таңдамалы шығармалары: өлеңдері. - Алматы, 1951. - 240 б.
Жароков Т.Таңдамалы шығармалар:өлеңдер мен поэмалар. Т.1. - Алматы, 1972. - 375 б.
Жароков Т.Таңдамалы шығармалар: өлеңдер мен поэмасы, аудармалары, пьесасы мен мақалалары. Т.4. - Алматы, 1975. - 428 б.
Жароков Т. Таңдамалы шығармалар:өлеңдері ме поэмалары. - Алматы, 1978. - 613 б.
Жароков Т. Күн тіл қатты: өлеңдер мен поэмалар.-Алматы, 2007. - 256 б.
Жароков Т. Таңдамалы. Т.1. - Алматы, 2008. - 246 б.
Жароков Т. Шүйінші: Ақын Тайыр Жароковтың өлеңі // Қазақ әдебиеті. - 2018. - 4 мамыр. - Б.14.
Жароков Тайыр: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. - Алматы, 2002. - Б.272.
Жароков Тайыр: өмірдерек // Қазақстан жазушылары: анықтамалық / құраст.: С.Қамшегер, Қ. Жұмашева. - Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2009. – Б.164.