Орыс ақына, жазушы әрі аудармашы Михайлов Михаил Ларионович 1829 жылы Ресей империясында дүниеге келген. Әкесі әскери адам болған. Балалық шағы Орынбор өлкесінде өткен. Бұл аймақ сол кезеңде Ресей мен қазақ даласының шекаралық өңірі болғандықтан, жас Михайлов әртүрлі мәдени ортада тәрбиеленді. Алғашқы білімді жергілікті оқу орнында алады. Кейін Санкт-Петербургтегі оқу орындарында білімін жалғастырып, әдебиетке және шет тілдеріне ерекше қызығушылық танытады. Ол еуропалық әдебиетті жақсы меңгеріп, аудармамен де айналысқан.

М.Михайлов XIX ғасырдың 50-60 жылдарында әдебиетке белсенді араласты. Оның өлеңдері мен мақалалары сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы журналдарда жарық көрді. Ол демократиялық бағыттағы жазушы ретінде танылып, орыс революциялық-демократиялық қозғалысының идеяларын қолдап, қоғамдағы өзгерістерді жақтады. Аудармашы ретінде Батыс Еуропа ақындарының шығармаларын орыс тіліне тәржімалады.

Алғашқы шығармалары «Иллюстрация» журналында жариялана бастаған. Кейін Нижний Новгородта әскери қызметте болып, туындылары «Москвитянин» журналында шықты. 1852 жылы Петербургқа көшіп келіп, «Современник», «Отечественные запискиде» қызмет істеді.

Михаил Михайлов 1956-1957 жылдары Теңіз министрлігінің тапсырмасы бойынша Оралдан Атырауға дейінгі жерлерге саяхат жасап, әдеби-этнографиялық материалдар жинады, жергілікті балық шаруашылығы мен теңіз ісін зерттеді. Сол кездегі жинаған әдеби этнографиялық материалдары «Морской сборник» журналында «Жайық очерктері» деген атпен жарық көрді.

1861 жылы патша үкіметі оны революциялық үгіт-насихат жүргізді деген айыппен тұтқындайды. Тергеуден кейін Сібірге каторгалық жұмысқа және жер аударуға жіберіледі. Айдауда ауыр жағдайда өмір сүріп, денсаулығы нашарлайды. Соған қарамастан, шығармашылықпен айналысуын тоқтатпаған.

Михаил Михайлов 1865 жылы айдауда жүріп қайтыс болды. Оның өмірі қысқа болғанымен, ол орыс демократиялық әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі ретінде тарихта қалды.

Әдебиеттер:

Михайлов Михаил Ларионович: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2010. - Б. 392.

Михайлов Михаил Ларионович: өмірдерек // Литературное Приуралье: посвящается 375-летию Уральска. - Вып.1. - Уральск, 1988. - Б. 22 - 23.

Беккер, Э. Поэт-демократ М. Л. Михайлов // Приуральская правда. - 1956. - 14 қараша.

Поэт-революционер М. Л. Михайлов и его «Уральские очерки» // Евстратов Н. Г. Русские писатели в Казахстане. - Алма-Ата, 1979. - Б. 62 - 80.