Әйгілі орыс балалар жазушысы, табиғат тақырыбындағы шығармалардың шебері Бианки Виталий Валентинович 1894 жылдың 11 ақпанында Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. Әкесі Валентин Бианки - Зоология музейінде қызмет еткен белгілі орнитолог, сондықтан Виталий бала кезінен табиғат әлеміне ерекше қызығушылықпен өсті. Осы орта оның болашақ шығармашылығына да үлкен ықпал етті.

В.Бианки Санкт-Петербург университетінің табиғаттану бағытында білім алды, әсіресе құстарды зерттеуге қызыққан. Жас ғалым ретінде ол түрлі ғылыми экспедицияларға қатысып, Ресейдің көптеген аймақтарын - Алтайды, Волганы; Қазақстанның бірқатар жерлерін - Орал өңірін аралады. Сол сапарлар оның болашақ шығармаларына материал болды.

1920-жылдары В.Бианки әдебиетке белсенді араласып, балаларға арналған табиғат туралы әңгіме, ертегі, очерк жазды. Оның ең танымал еңбектерінің бірі - жыл мезгілдері бойынша табиғат құбылыстарын сипаттайтын «Лесная газета» («Орман газеті»). Жалпы, өмірінің барысында В.Бианки 300-ден астам шығарма жазған.

1926-1928 жылдары В.Бианки Кеңес өкіметі тарапынан саяси қуғынға ұшырап, Оралға жер аударылған. Бианкиннің Орал қаласында тұрған кезінде «Мурзук», «Бун», «Карабаш», т.б. шығармалары жарық көрді. Ұлы Отан соғысы кезінде денсаулығына байланысты әскерге шақырылмаған, эвакуацияланып, кейін Ленинградқа оралған.

Виталий Валентинович Бианки 1959 жылы 10 маусымда Ленинградта қайтыс болған.

Әдебиеттер:

Бианки, В. Птицы мира: рассказы / ред.: Т. В. Боголепова. - Ленинград: Лениздат, 1960. - 127 б.

Бианки, В. Собрание сочинений. В 4-х томах / отв. ред.: Г. П. Гроденский. - Ленинград: Детская литература, 1972. - Т. 1: Рассказы и сказки. - 398 б.

*****

Бианки Виталий Валентинович: өмірберек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2010. - Б. 190.

Бианки Виталий Валентинович: өмірдерек // Ол кім? Бұл не: балалар энциклопедиясы. Үш томдық / құраст.: И. Хасенұлы. - Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір» баспасы, 2025. – Т.1. - Б. 261.