Кеңес дәуірінің көрнекті жазушысы, әдебиет қайраткері, қоғам өмірінде үлкен рөл атқарған тұлға Федин Константин Александрович 1892 жылы 24 ақпанда Саратов қаласында дүниеге келді. Ол жасынан өнерге жақын болып өсті, музыка мен әдебиетке ерекше қызығушылық танытты.

К. Федин білімін туған қаласында алып, кейін 1911 жылы Германияға барып, Лейпцигтегі сауда институтында оқып, Еуропаның мәдениетімен, философиясымен танысты. Осы жылдары оның дүниетанымы кеңейіп, әдебиетке деген ықыласы күшейе түсті. 1910 жылдардың басында алғашқы әңгімелері жарық көріп, жазушылық жолы басталды.

Константин Федин Орал қаласына 1919 жылы келіп, азамат соғысы кезіндегі қала қорғанысының басты оқиғаларына куә болған. Жазушының  «80 күн» драмасы 1919 жылғы Орал қорғанысына арналған. Оның туындыларында Жайық, Шаған, Деркөл өзендері мен тоғайлары сияқты көрікті жерлері суреттелген. Федин жергілікті қаламгерлермен, соның ішінде Виктор Генкемен шығармашылық байланыста болды. Жазушының есімі Орал қаласының тарихы және мәдени өмірімен тығыз байланысты.

К.Фединнің шығармашылығы кеңес әдебиетінде ерекше орын алады. Ол революция кезеңін, адамның ішкі әлемін, тарихи өзгерістерді терең психологиялық сипатта суреттеді. Оның ең танымал туындысы – «Города и годы» (1924) романы. Сонымен қатар «Первые радости», «Необыкновенное лето», «Братья», «Костер», «Санаторий Арктур» сияқты шығармалары да кеңінен танылды.

К.Федин ұзақ жылдар бойы КСРО Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарды (1959–1977). Кеңес әдебиетінің дамуына, жас қаламгерлерге қолдау көрсетуге, әдеби ұйымдарды нығайтуға көп еңбек сіңірді. Көптеген марапаттардың, оның ішінде Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері болды.

Федин Константин Александрович 1977 жылы Мәскеуде қайтыс болып, Новодевичье зиратына жерленді.       

Әдебиеттер:

Федин, К. Ғажайып жаз: роман / ауд.: М. Нұртазин; ред.: А. Шаншаров. - Алматы: Қазақтың Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасы, 1959. - 743 б.

Федин, К. Собрание сочинений: в 12-ти томах. - М.: Худож. лит., 1982 - Т. 1: Города и годы: роман. - 398 б.

*****

Ақбай, Ж. Қазақтар: қазақ шежіресі // Информбиржа. - 2012. - 22 қараша; 13 желтоқсан; Информбиржа. - 2013. - 3, 24, 31 қаңтар, 14, 28 ақпан, 7, 28 наурыз, 4, 25 сәуір.

Альмуханова, К. Федин и Уральск // Информбиржа. - 2020. - 14 май. - С. 9.

Астахова, Л. Его вдохновил наш край // Приуралье. - 2017. - 24 октября. - С. 8.