Жазушысы, публицист және әскери-саяси қызметкер Фурманов Дмитрий Андреевич 1891 жылы 7 қарашада Иваново-Вознесенск қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келді. Бала кезінен білімге құштар болып, кейін Мәскеу университетінде медицина және философия-әдебиет факультеттерінде оқыды. Студенттік жылдары-ақ революциялық идеяларға қызығып, жасырын саяси үйірмелерге қатыса бастады.

1917 жылғы Қазан төңкерісін Фурманов белсенді қолдап, жаңа билік жағында қызмет етті. 1918-1920 жылдары Азамат соғысы кезінде Қызыл Армияның саяси комиссары ретінде қызмет атқарды. Ол әсіресе Түркістан, Жетісу және Еділ-Жайық өңірлеріндегі маңызды әскери-саяси жұмыстарға қатысты. Сол жылдары Д.Фурманов аты аңызға айналған қолбасшы Василий Чапаев басқарған дивизияда комиссар болды.

Дмитрий Фурманов Орал қаласына 1919 жылдың 25 ақпанында 25-ші дивизияның комиссары ретінде келген.Ол қаладағы бұрынғы «Россия» қонақүйінде тұрып, майдан шебіндегі, қала ішіндегі ауыр жағдайларды өз күнделігінде сипаттаған. Дмитрий Фурманов әскери қызметпен шектелмей, жергілікті газет жұмысын ұйымдастырып, митинглерде сөз сөйлеп, театр жұмысының жандануына ат салысқан.

Оның әлемге әйгілі «Чапаев» романы мен көптеген очерктер Орал өңіріндегі тарихи оқиғалар негізінде жазылған.

Д.Фурмановтың шығармаларының негізгі тақырыбы - азамат соғысы, революциялық өзгерістер, жауынгерлердің мінезі мен тағдыры. «Мятеж», «Борцы», «Неугасимое» сияқты туындылары да сол дәуірдің тарихи ахуалын нақты бейнелейді. Жазушының тілі деректі, көрген-білгеніне сүйеніп жазғандықтан, оның еңбектері тарихи құжат ретіндегі құндылығын да сақтап келеді.

Фурманов Дмитрий Андреевич небәрі 35 жасында, 1926 жылы Мәскеуде кенеттен қайтыс болды. Өлімінің нақты себебі ретінде менингит немесе өкпе қабынуы деген пікірлер айтылады.

Әдебиеттер:

Фурманов, Д. Чапаев: роман. - М.: Советская Россия, 1990. - 214 б.

Фурманов, Д. Чапаев. Красный десант. Рассказы. - М.: Художественная литература, 1986. – 320 б.

*****

Фурманов Дмитрий Андреевич: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2010. - Б. 508.

Қойшыбаев, Б. Советтік мифтерді сомдаған: Кеңес жазушысы Дмитрий Фурмановтың туғанына 150 жыл толуына орай шығармашылығы мен өмірі жайында // Үш қоңыр. - 2016. - 27 мамыр. - Б. 1 - 3.