Әндері

Туған жер

Сөзі: А.Бақтыгереева
Әні: Ә.Әбдінұров

Сен жайлы ақ бесікте күй тыңдадым,
Тыңдадым сандуғаштың сүйкімді әнін.
Мен сенде сұлулыққа ғашық болып,
Гүліңе саусақ жайып ұмтылғанмын.
Мен де бір гүлің едім қырқада өскен,
Өзің деп арманым жоқ шырқап өтсем.
Көркіңе көктемдерде сән қосатын
Қырыңа өз қолымнан бір тал ексем.
О, менің ардақты әкем, асыл анам,
Қызыңмын пәк үмітпен асыраған.
Өзің деп қобалжыған жүрегімнің
Дүрсілін сенен қалай жасыра алам?!

Аққулар

Сөзі: А.Бақтыгереева
Әні: А.Жайымов

Аққулар, көктемде оралыңдар,
Айдында назданыңдар, тараныңдар.
Көл бетін құшыңдар,
Сызылтып ұшыңдар,
Аққулар.
Жүзіңдер жұптарың жазылмай,
Дауысың сағыныш сазындай,
Айдынды қимаған,
Арнаға сыймаған,
Аққулар.
Аққулар ақ қанаты қалықтаған,
Бақытым сияқтысың жолықпаған.
Айдынды аңсаған,
Ақ таңды қарсы алған,
Аққулар – ақ айдынның еркелері,
Баулыдың махаббатқа ерте мені.
Кеудемнен сағыныш
Сәулені алып ұш,
Аққулар.
Аққумын жоғалтқан сыңарын,
Адастым, тынармын, шыдармын.
Сендер қос қоныңдар,
Бақытты болыңдар,
Аққулар.

 

Басты Артқа