Ақынға арналған арнау өлеңдер

АҚҰШТАП ҚАРЫНДАСЫМА

Тұманбай Молдағалиев,
Қазақстанның халық жазушысы

Мен сені білем сонау бала күніңнен,
Ерек қыз едің соңынан жырдың жүгірген.
Ұнаушы ең маған арманыңмен, Ақұштап,
Нұрыңмен және балауса балғын жырыңмен.

Өзегі бір өрт өзім сияқты жұмсақ ең,
Ұл болып тусаң, шарапқа сені жұмсар ем.
Қисықтау кеткен жеріңді көре қалсам мен,
Зікір салғандай зіркілдеп тұрып ұрсар ем.

Жыр жайқалады ақынымен біртауар,
Қолыңда сенің өлеңнің алтын кілті бар,
Үнемі жұмыс, сенің де қалқам, кезің аз
Жүгені күміс жүйрікке мініп жыр қуар.

Бақыт мұнда деп жетелеп көрдің әркімді,
Тіршілік кейде жоғыңды бірден бар қылды.
Сен жүрген жерде жақсылық, жарық көбейіп,
Сен жүрген жерде парасат билер әр күнді.

Қияда жүрміз, қиял да бірге, ой бірге,
Тек бізге мәлім қандай ат қойдық, қай гүлге.
Келеміз жырда жарасып қатар келеміз,
Қарындас озып, ағасы озып кейбірде.

Қай қияларға әкетпес дейсің жігітті ой,
Ой құшағында жазамыз және жүріп бой.
Ақын мен аққу қартаймау керек ешқашан,
Қыз ақындарға қартаю қылмыс, біліп қой.

Өмірің сенің өмір ғой, бала сындағы,
Еменсің бүгін бір бұтағың да сынбады.
Ақұштап, неге есіме түсе береді,
Он сегіз бенен жиырманың арасындағы.

Ақұштапқа

Қадыр Мырза Әли
ақын, Қазақстанның халық жазушысы

Мес көңілді тірлік өзі ыстайды,
Ашу-ыза жүрегіңде қыстайды.
Бір бақытың ақын болу,
Әйтсе де
Әлсін-әлсін әйелдігің ұстайды.

Адам қайда тығып қоймақ наласын?!
Тұтана алмай,
Түтіндеген шаласың...
Сондай сәтте баланы да
Байды да, -
Қуырып бір аласың!

Қалды қыздр енді бұрым өруден.
Бұрым түгел,
Қырдың гүлін теруден!
Бір бақытың - әйел болу,
Әйтсе де
Жалығасың әйел бола беруден!

Қарлығаштай кезіп жүріп жер-көкті,
Ертелі-кеш жудың талай жөргекті,
Әйелдігің аз болғандай,
Бір кездер
Оянады болмай қалған еркектік!

Буырқанып түйіршектер қандағы
Бұзылады тыныштығың таңдағы.
Еркектігің ұстағанда
Қағасың
Іздеп барып бастықтардың шаңдағын!

 

Содан кейін кеткің келер сенделіп,
Суықпенен,
Той-думанмен «емделіп»!
Аяғыңа оралады осалдық,
Етегіңе жармасады пенделік.

Өнемейін ұстай бермес батылдық.
Сондай кезде қамшылайсың ақылды.
Анауың бар,
Мынауың бар...
Жете алмай
Кезек күтіп күйзеледі ақындық.

Кезі де бар өзгеретін бағаңның,
Тағам десең таға бергін маған мін...
Әр уақытта туыс емен,
Ал ақын
Кездеріңде нағыз жақын ағаңмын!

Басты Алға Артқа