Апама
Дариға Мұштанова ақын
Құлындай ойнап қырқада құлдырадың ба?
Жаны ерке желмен жарысып жыр құрадың ба?
Шаңқ етіп ұшқан Жайықтан Шағала – Көңіл,
Құлағын Қобыз – Жүректің мың бұрадың ба?
Шытынап тұрған бере алмай әйнек – тілге екпін,
Төзімді тепкен жерлерден жай кеттің көп күн.
Бақыртып тұрып баса айтып бәзбір кезеңде,
Біраз мәңгүртті басымен қайғы еттің, Тектім.
Жанарың алыс қарайды – ой кені ме екен,
-Өлеңнен ою, бір сарын, ой, - деді ме екен.
Қаратқан елді аузынан Қарашаш сұлу,
Қазаққа қарап тап Сіздей сөйледі ме екен?!
Үміттің күтіп, үрлейтін жалын атуын,
Шарқ ұрып әсте бермейтін жаныңа тыным.
Жабығып тұр ма бір сәтке жүрегің, апа,
Жайықта жүріп Жайығын сағынатұғын.
Ақ шуақ Күн боп нұрыңды төккендеймісің,
Аймалап, құшып, халқыңды өпкендеймісің.
Ақұштап жырмен ағысқа ап арман-еліңді,
Ақ Жайыққа өзің айналып кеткендеймісің!
Еркеле елдің төрінде жайраңдап, апа,
Естісін елеп, есерін майданға ап, апа.
Ескерткіш болған ерлікке Ер Жұбан ағам,
Еңлік тұлғаңа қарап тұр қайран қап, апа.
Келешекте бар келбетің – салынатұғын,
Ізіңнен теріп үлкен ой сабылатұғын.
Жыр сыйлай берсін жүрегің – Жайықта туып,
Жайықта жүріп, Жайықты сағынатұғын.
Жайық қызы
Сағынтай Бисенғалиев,
ақын, Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі
Ел деп еңірер запыран құсса замана,
Текті шайырды толғата бермес әр ана.
Толқыны тынып, жуасып қалса Жайығы
Шарқ ұрып жетер Алатаудан ақ Шағала!
Шөлдесе дала айналып дереу тамшыға,
Балбұлақ жырын бағыштар туған халқына.
Жырына арқау аяулы ақын Төлештің
Оралар қайта «Жайықтан ұшқан қаршыға!»
Жайықта тудық, «Мен Қазақ» - деген ұранбыз,
«Мезгілсіз кетті-ау, қалды ма десе – Жұбанда із?»
Басқа емес, бірден ойына Алаш оралар
Алқада ардың сөзін айта алар қыран-қыз!
Жайыққа келсе, ел мұңын айтар дана қыз,
Дархан даланың даналарынан қалады із.
Нәрестесімен нәзік жыр кезек оянып,
Шербет ұйқысын сегізге бөлген ана-қыз!
Болсам мен мүсінші, яки зергерің,
Анық-ты ана бейнесін жасап терлерім.
Ана-ақындарға алып ескерткіш қашар ем,
Жыр дәптер қылған сәбидің жұпар жөргегін.
Арлан емізген асылдың сойы, апажан,
Ғұмырлы болшы, Лұқпандай мың жасаған.
Дәру жыр-әнің, Ару Жұбаным аман жүр,
Найсап нәмәрттар тас атпаға тек тасадан!
Алақан
Сағынтай Бисенғалиев,
ақын, Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі
Ақ шағала – апам осылай ғана деп еді,
Бұл да бір қайран, қимас күндердің дерегі.
Жапан далада жыр сауған ұлға қияли,
Аялай сипар алақан еді керегі...
Сол күннен бері он сегіз көктем алаулап,
Көңілі ұлдың кермеде тұрған жараулы ат.
Аламан-тасыр доданы көрсе дүбірлі,
Қосылуға әзір Құлагер – сынды танаулап.
Елуден асып ата болдық келінді,
Серілер сиреп, немере шашты төрімді.
Сүйкімді-ақ өзі, сипап та қоям тұлымын,
Маңдайы бақты болсын деп ізім өмірлі.
Аяулым, апа, азаматы едің ортаның,
Тәрбие-талақ, тар маңдайларда сор қалың.
Тағдырдан таяқ жеп қалған ару – зәру ғой,
Аялап сипар адам жоқ-ау деп қорқамын.
Көңілде – нала, бұлт – ойды қайтып таратам,
Ұйқы да шала, күмәнмен атар ала таң.
Заманы шалып құлатқан қызға жетпей жүр,
Мейір саулаған, аялы сендік алақан!