Ақұштап апам
Ақын, Маралтай Райымбекұлы
Ақпа төк сезім Абылдың ағыстарынан,
Құрманғазы күйінің қағыстарынан.
Қанаты талмас жырларға қалам ұштаған
Аймаңдай ақын, ару ана, Ақұштап апам.
Ақиқат анық – бір сәуле ғарыштан саған
Жаныңа жыр боп құйылды, Ақұштап апам.
Ақұштап апам өлеңнің аққуы емес пе,
Қыздардың жасын сүртем деп Жайықтан ұшқан.
Өнер мен елді жалғауға алыстап қалған,
Оралға қайта Оралды Ақұштап апам.
Тәбәрік болып кешегі Махамбеттерден
Найзаның ұшы секілді намыстан қалған.
Арманын жалған мансапқа бағыштамаған,
Сендей қыз тапқан мынау жұрт –данышпан, данам.
Атадан туып, анадан адал сүт еміп,
Алаштың қызы атандың, Ақұштап апам.
Айта алмай қалса, ақ сөзді ары қыстаған,
Алдаспан мінез, айналдым, Ақұштап апам.
Басыңа тәжі кигіздім өлеңнен өріп
Жан ұстамаған қолына, хан ұстамаған.
Ақұштапқа
Ақын, Серік Тұрғынбеков
Қанатыңды жайдың ба,
Көтеріліп бақ туы.
Тербетілген айдында
Ақ Жайықтың аққуы.
Тіршіліктің жемісін
Теру үшін тер төккен.
Артық сенің көп ісің
Анау-мынау еркектен.
Тисе біреу «жыныңа»
Бір шайқасу - серт болған
Шыдай алмай сыныңа
Ақырында мерт болған.
Екі иығын жаншып мұң,
Жатса дағы езілмей.
Майдандағы Мәншүктің
Тірі қалған көзіндей.
Ер Төлеген сырласы,
Аққу болсаң, жай қанат!
Сағыныштың бір жасы
Жанарыңнан тайғанап.
Қиял құсын ұшырып,
Атың елге таралған
Сымбатың мен мүсінің
Сұлулықтан жаралған.
Өзіне өзі серт беріп,
Уәдеден таймаған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Халық қамын ойлаған.
Осылай да осылай –
Бір адамсың ғажайып.
Ағыл-тегіл тасымай
Қалған жылы Ақ Жайық.
Ұшып келіп алқына,
Сонау алыс – ту шеттен.
Қарлығаштай
халқына –
Қанатымен су сепкен!
Сермеледі әзілің,
Семсеріндей серінің.
Гүлден бетер нәзігім,
Тастан бетер берігім.
Халқың үшін азапқа
Түскен болсаң,
Қажыма!
Сендей қыздың қазақта
Қиналамын азына!