Әдіскердің виртуалды күнделігі

       «Сөз менеджменті» – айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақтың алғашқы кітабы. 208 беттен тұратын кітап ораторлық өнерге арналған.

Жасыратыны жоқ қазіргі қазақ қоғамы сөйлеу мәдениетінен айырылып бара жатыр. Бір ауыз сөзбен қанды қырғынды тоқтатып, бітіспес даудың түйінін тарқататын халықтың бүгінгі ұрпағы астарлы сөздің мән-мазмұнын түсінбейді. Басқаны былай қойғанда ел алдында жүрген кейбір азаматтардың өзі екі ауыз сөздің басын құрай алмай күлкі болып жатады.

         «Sөz менеджменті» осындай сұраныстан туған туынды. Мұнда айтар ойды аудиториядағы әрбір тыңдаушының құлағына жеткізе білудің әдіс-тәсілдері оқырман назарына ұсынылған. Сондай-ақ адамның сөйлеуге дейінгі, сөз сөйлеу кезіндегі және одан кейінгі өзін-өзі ұстауы жайында келелі кеңестер береді.

Сөйлеуге дейін

         Автор сөзді екі түрге бөледі. Ол естілетін және тыңдалатын сөз. Бұл кітапты оқып шыққан адам тыңдалатын сөз айтуға ұмтылуы қажет. Себебі адамға ой салатын, естен кетпейтін де сол сөз. Аузыңыздан шыққан сөз тыңдалып, сізге қалаған нәтиже алып келу үшін дайындалыңыз. Себебі дайындықсыз мықты оратор болу мүмкін емес.

         Аудитория алдында сөйлеуге қалай дайындаламыз?

         Алдымен мақсатты айқындап алыңыз. Кімнің алдында қандай мақсатта сөз сөйлейін деп тұрсыз? Сөйлейтін сөзіңіз сол мақсатқа қарай жоспарлануы шарт. Мәтін дайындамай сахнаға шығып, тәуекелге бармаңыз.

Оратордың сөзі үш бөлімнен тұрады: кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды. Уақытыңыздың 60%-ын негізгі бөлімге, 30%-ын кіріспеге арнаңыз.

         Сахнаға шығатын киіміңізді ойластырыңыз. Қатты көзге түсетін аксессуар тақпаңыз. Арқаңызды тік ұстаңыз. Бүрісіп тұрған адам аудиторияны ешқашан сендіре алмайды. Әйел адам болсаңыз, тізеден жоғары киім кимеңіз. Ешқандай сызығы, жолағы жоқ шұлық таңдаңыз.

«Рұқсат етіңіздер, мен сөзімді бастаймын» деген сөзді айтпаңыз.

Сөйлеуге қанша минут берді? 20 минут па? Демек 19 минутта айтарыңызды айтып сахнаны босатыңыз.

Сөйлеу барысы

         Автор сахнаға тыңдаушыдан бұрын келіп алуға кеңес береді. Сонда ғана оратор өзін қожайын есебінде сезінеді дейді. Кітапта халықтың назарын ұстап тұру құпиясы айтылған. Шет жағасын айта кетейік. Аудиторияға үнемі сұрақ қойып отыру керек.

Аталмыш бөлімде Жандарбек Бұлғақ дауыс пен дикцияға ерекше көңіл бөледі. Тіпті бір мәтінді оқып, видеоға түсіруге тапсырма береді. Сосын сол видеоны 5 рет дауыссыз, кейін құлаққаппен, содан соң жылдамдатып қарап шығыңыз дейді. Мұның барлығы сөйлегенде қандай қате жіберетінін байқауға көмектеседі. Онымен қоймай қандай ым-ишаратты шамадан тыс пайдаланатынын да байқатады.

        Жаңылтпаш миға және тілге арналған болып бөлінеді екен. Миға арналғаны оңай айтылады, бірақ жаңылдырады. Тілге арналғанын айту қиын. Бірақ белгілі бір әріпті айтып үйренгенге жақсы. Автор жаңылтпаш айтуды әдетке айналдыруға кеңес береді.

Сахнада шашын, киімін ұстай беретін адамдар үшін Жандарбек арнайы жаттығулар ұсынады.

Сөйлеуден кейін

         Сөзіңізді ерекше қорытындылауға мән беріңіз. Бұған бөлек дайындалыңыз. Мұндай сәтте эмоцияға беріліп, бастан кешкен бір оқиғаны қысқа айтып берсеңіз болады. Сонымен қатар бүгін айтып өткен ақпаратқа қысқа шолу жасаңыз.

Аудиторияға сөз соңында алғыс білдіруді ұмытпаңыз.

Әртүрлі мамандық өкілдері кітапта көрсетілген тәсілдерді қолдану арқылы ойын орнықты, сөзін көркем жеткізе алатын деңгейге қадам жасайды».

Оқулық мемлекеттік қызметкерлер және халықпен тығыз байланыста жүрген тұлғалардың, сондай-ақ жастардың көпшілік алдында сөйлеу шеберлігін дамытуға бағытталған.