Әдіскердің виртуалды күнделігі

 

  Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында 21 мамыр күні  мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «МӘДЕНИЕТ: КІТАП. БІЛІМ. ТІЛ» атты OPENAIR фестивалі өтті.

   Фестивальге Батыс Қазақстан облысынан Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шолпан Уразаева бастаған облыс кітапханашылары, шетелдік қонақтар - Халықаралық Түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев, Франция, Иран және басқа да мемлекеттер елшіліктерінің өкілдері қатысты. ІС-ШАРА ҚР Мәдениет және спорт министрі Оралов Асхат Раздықұлының құттықтау сөзімен ашылып, өңірден келген кітапханашылар мен ардагер кітапханашыларды марапаттаумен жалғасты. 

    Фестиваль аясында "Оқитын ұлт" жобасы бойынша 2022 жылы жүргізілген талдау нәтижесінде Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы "Оқырманы озық өлке" деп танылып, дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Э.Аманғалиева ҚР «BILIM-ÒRKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығыныңбілім саласына қосқан айрықша еңбегі үшін "Ыбырай Алтынсарин" төсбелгісімен марапатталса, М.Еслямғалиұлы атындағы Сырым аудандық ОКЖ-нің аудандық балалар кітапханасы Мәдениет және спорт министрінің алғыс хатын иеленді. 

     Фестиваль барысында ашық аспан астында қазақстандық баспалардың кітаптарын сатып алуға болатын дүкен, фотоаймақ, балалар павильоны мен тіл, мәдениет, әдебиет және кітапхана ісін дамыту мәселелерін талқылауға арналған сахна орнатылды. Журналистер, редакторлар және кинорежиссерлердің қатысуымен кітап көрмесі, нетворкинг және шеберлік сабақтары өтті. Мерекелік шарамен қатар өткізілген Ашық диалог алаңдарындағы кәсіби шеберлік сыныптарына қатысқан кітапханашыларға сертификаттар табысталды.